Үндістанда Лионель Мессидің 21 метрлік мүсіні бұзылды
Үндістанның Колката қаласында аргентиналық футбол жұлдызы Лионель Мессиге арналған 21 метрлік алып мүсін қауіпсіздік талаптарына байланысты бұзылып, орнынан алынды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Биіктігі 21 метр болатын алтын түстес мүсін шыны талшық пен темірден жасалған. Онда әлем чемпионы атанған аргентиналық футболшының әлем кубогын жоғары көтеріп тұрған сәті бейнеленген.
Мүсін өткен жылдың желтоқсан айында Лионель Мессидің Үндістанға жасаған сапары кезінде салтанатты түрде ашылған болатын.
Алайда мамыр айының соңында Батыс Бенгалия заң шығару жиналысының депутаты Шарадват Мукерджи мүсіннің жел соққан кезде шайқалатынын мәлімдеді. Инженерлер жүргізген тексеріс нәтижесінде нысанның қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмейтіні анықталған. Осыған байланысты жергілікті билік мүсінді демонтаждау туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, Лионель Месси Аргентина құрамасының әлем чемпионатына қатысатын соңғы құрамына енді. Осылайша ол әлем біріншілігінде алтыншы рет өнер көрсетпек.
38 жастағы аргентиналық футболшы қазіргі таңда АҚШ-тың «Интер Майами» клубында ойнайды. Ол сегіз мәрте «Алтын доп» сыйлығының иегері атанып, футбол тарихындағы ең көп жүлде жеңіп алған ойыншылардың бірі саналады. Сонымен қатар Месси 2022 жылғы әлем чемпионы, төрт дүркін Чемпиондар лигасының және Испания чемпионатының он дүркін жеңімпазы болып табылады.
Фото: Global Look Press
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған