Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Қазақстан – Уэльс матчын тамашалауға келген Уэльс жанкүйерлері еліміздегі дағдарыс орталығына қолдау көрсетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қонақтар Астанадағы әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығына барып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетті.
«Red Wall Parties» ұйымының өкілі Гэри Уильямс Қазақстан мен Уэльс арасындағы ойыннан кейін орталыққа арнайы барып, 351 500 теңге көлемінде қаржылай көмек тапсырды», – деп хабарлады Уэльс құрамасының Fan Embassy Wales ұйымы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кездесуде Қазақстан құрамасы Уэльске 0:1 есебімен есе жіберді. Жалғыз голды 24-минутта шабуылшы Киффер Мур соқты. Сонымен қатар, Астанаға валлийлік команданы қолдау үшін шамамен 1 500 жанкүйер келгені белгілі болды.