УЕФА президенті Қайраттың» спорт базасына барды

УЕФА президенті Александр Чеферин Қазақстанға келіп, алматылық «Қайраттың» спорт базасына барды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Құрметті қонақты «Қайрат» U-15 және «Қайрат» WU-17 сияқты Академияның жасөспірімдер командалары, сондай-ақ көру қабілеті толық немесе жартылай шектелген жандарға арналған футболды таныстыратын Kairat Blind Football ойыншылары қарсы алды. Жас спортшылар онымен ағылшын тілінде амандасып, клуб атынан естелік сыйлық табыс етті. Кейіннен УЕФА президенті негізгі команда мен «Қайрат-Жастар» бапкерлер штабымен әңгімелесті.
Сапар барысында Чеферинге клуб инфрақұрылымы таныстырылды. Ол жастар құрамына жасалған жағдайдың Еуропаның жетекші клубтарына тән деңгейге сай екенін атап өтіп, базаның барлық заманауи стандартқа жауап беретінін ерекше айтты.
Сапар соңында Александр Чеферин «Қайратты» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққанына және өткен маусымда чемпиондықты жеңіп алғанына байланысты құттықтап, клубқа ұлттық және халықаралық аренада жаңа табыс тіледі.

Ең көп оқылған
