457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

УЕФА Джанни Инфантиноға сенім жоғалтқанын мәлімдеді

Сонымен қатар ұйым ФИФА-ның қаржысы әлемнің 211 еліндегі бұқаралық футболды дамытуға жұмсалуы тиіс екенін атап өтті.

Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантиноға деген сенімнің жоғалғанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы ұйымның мәлімдемесіне сілтеме жасаған Sky News хабарлады, деп жазады malimsports.kz

УЕФА-ның мәліметінше, Инфантино ұсынған әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға сату жоспары ашық әрі жария түрде талқыланбаған. Ұйым бұл бастаманы «жасырын келісім» деп бағалап, оның футбол қауымдастығының сеніміне нұқсан келтіргенін атап өтті.

Еске сала кетейік, 28 шілдеде ФИФА әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарын басқару үшін құны 20 миллиард АҚШ долларына бағаланған FIFA Forward Enterprise (FFE) еншілес компаниясын құрып, оның 25 пайыз үлесін 4,2 миллиард долларға сыртқы инвесторларға сатуды жоспарлаған болатын. Алайда бұл бастама футбол әлемінде үлкен қарсылыққа тап болды.

УЕФА мен оған мүше 55 ұлттық футбол федерациясы ФИФА ұйымдастыратын жарыстарға бойкот жариялайтындарын мәлімдегеннен кейін, ұйым өз жоспарынан бас тартуға мәжбүр болды.

УЕФА ФИФА-ның бұл шешімін құптап, аталған келісімге қарсы шыққан жанкүйерлерге, ұлттық қауымдастықтарға, клубтарға, лигаларға және футболшыларға алғыс білдірді.

Сонымен қатар ұйым ФИФА-ның қаржысы әлемнің 211 еліндегі бұқаралық футболды дамытуға жұмсалуы тиіс екенін атап өтті.

«Футболды дамыту үшін ФИФА-ның банктегі қаражатын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін футболдың құндылықтарын сатудың қажеті жоқ», – делінген УЕФА мәлімдемесінде.

Сондай-ақ ұйым қазіргі ФИФА басшылығы тек УЕФА-ның ғана емес, әлемдік футбол қауымдастығының көптеген мүшесінің сенімінен айырылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Джанни Инфантино ФИФА президенті қызметін 2016 жылдан бері атқарып келеді. Ол 2027 жылдың наурызында өтетін сайлауда үшінші мерзімге қайта сайлануға ниетті екенін бұған дейін мәлімдеген болатын.

Фото: Getty Images