УЕФА Чемпиондар лигасы: Винисиус голы «Реалға» жеңіс сыйлады
Мадридтің Реал Мадрид клубы плей-офф кезеңінің алғашқы матчында сырт алаңда лиссабондық Бенфика командасын 1:0 есебімен жеңді. Кездесу Лиссабонда өтті, деп жазады malimsports.kz.
Ойынның жалғыз голын 50-минутта Винисиус Жуниор соқты. Осылайша, «Реал» қарымта матч алдындағы басымдыққа ие болды.
85-минутта «Бенфиканың» бас бапкері Жозе Моуринью алаңнан қуылды. Айта кетейік. Ол 2010-2013 жылдары «Реалды» жаттықтырған.
Винисиус гол соққаннан кейін матч шамамен 10 минутқа тоқтатылды. Бразилиялық шабуылшы «Бенфиканың» вингері Джанлука Престианнимен сөзге келіп, төрешіге өзіне қатысты нәсілшілдік сипаттағы сөздер айтылғанын жеткізген. Футболшы бір сәт алаңнан кетпек болды, алайда бапкерлер штабының өтінішінен кейін ойынды жалғастырды.
Қарымта кездесу 25 ақпанда Мадридте өтеді.
Еске сала кетейік, негізгі кезеңнің соңғы турында «Бенфика» 28 қаңтарда «Реалды» 4:2 есебімен жеңген еді. Лиссабондықтарға үздік 24 команданың қатарына ену үшін тағы бір гол қажет болған. Қосымша уақыттың сегізінші минутында қақпашы Анатолий Трубин айып алаңына барып, баспен төртінші голды соққан. Сол жеңілістің салдарынан «Реал» «Манчестер Ситиден» оза алмай, 1/8 финалға тікелей жолдама ала алмаған.
Плей-оффтың тағы бір матчында дортмундтық Боруссия Дортмунд өз алаңында италиялық Аталанта клубын 2:0 есебімен жеңді. Голдарды Серу Гирасси (3-минут) мен Максимилиан Байер (42) соқты.
Фото: Getty Images
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған