Түркістан облысында футбол клубтары жабылады
Түркістан облысының әкімі шешуші шешім қабылдады: аймақтағы футбол клубтары жабылып, «Тұран» жаңа маусымды нөлден бастайды.
ҚПЛ-дегі сәтсіз маусымнан кейін түркістандық футболда үлкен өзгерістер болады.
Журналист әрі комментатор Олжас Байбосынның айтуынша, Түркістан облысының әкімі футбол саласын түбегейлі қайта құру жөнінде шешім қабылдаған. Бұл туралы ол Fonteam YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Байбосынның сөзінше, облыс басшысы бекіткен қаулыға сәйкес, «Арыс», «Мақтаарал», «Түркістан» және «Жетісай» футбол клубтары өз жұмысын тоқтатады. Ал аймақта тек «Тұран» клубы ғана сақталып, келесі маусымнан бастап Бірінші лигада ойнайды. Команда құрамын негізінен жергілікті ойыншылар құрайтын болады.
«Мен құжатпен таныстым – енді қаржыландыру тек балалар футболына бөлінеді. Бұл мақсатқа шамамен 50 миллион теңгеден аспайтын қаржы қарастырылған», - деді журналист.
Еске салайық, «Тұран» клубы биылғы маусымды ҚПЛ-да 16 ұпаймен аяқтап, элиталық лигада қалу мүмкіндігін мерзімінен бұрын жоғалтқан еді.
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған