«Тобыл» Конференциялар лигасының үшінші кезеңіне өтті
Қостанайлық «Тобыл» футбол клубы УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясындағы қарымта кездесуде литвалық «Паневежис» командасын жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қостанайдағы Орталық стадионда өткен матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Бұл командалар арасындағы алғашқы кездесуде де дәл осындай есеп тіркелген болатын.
Ойында есепті қонақтар ашты. Литвалық шабуылшы Наурис Петкявичюс 33-минутта гол соқты. Алайда алаң иелері бірінші таймның қосылған уақытында таразы басын теңестірді. Гол авторы – марокколық жартылай қорғаушы Амин Талал. Бұл шабуылда Қазақстан құрамасының вингері Ислам Чесноков нәтижелі пас берді.
Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмады. Осыдан кейін командалар пенальти сериясында бақ сынады. Онда «Тобыл» 3:2 есебімен басым түсті. Қазақстандық қақпашы Данил Устименко қарсыластың екі соққысын қайтарды.
Осылайша, қостанайлық клуб Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті. Келесі кезеңде «Тобыл» сербиялық «Партизан» немесе люксембургтік «УНА Штрассен» командаларының біріне қарсы ойнайды.
Үшінші кезеңнің алғашқы кездесуі 6 тамызда сырт алаңда өтсе, қарымта матч 13 тамызда Қостанайда ұйымдастырылады.
Фото: Ашық дереккөзден
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған