«Тобыл» – 2025 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы

Қызылордадағы жаңа «Қайсар Арена» стадионында футболдан Қазақстан кубогының финалы өтті. Шешуші ойында Қостанайдың «Тобылы» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары бақ сынады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесудің бас төрешісі швейцариялық Свен Вольфенсбергер болды. Ойын барысында «Тобыл» сапынан Николай Сигневич 19-минутта есеп ашып, ал 33-минутта Ислам Чесноков басымдықты еселей түсті. Қостанайлық клуб 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан кубогының иегері атанды.
Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Биыл турнирге Премьер-лига, Бірінші және Екінші лига клубтарын қосқанда барлығы 30 команда қатысты. Алдымен төменгі лига өкілдері іріктеу кезеңінде сынға түсіп, үздік шыққандары Премьер-лига клубтарымен бірге 1/8 финалда ойнады.
Осы уақытқа дейін кубокты 15 түрлі команда иеленген. «Қайрат» (Алматы) 10 мәрте, «Жеңіс» (Астана) мен «Астана» 3 рет, «Тобыл», «Ақтөбе», «Қайсар» (Қызылорда), «Ордабасы» (Шымкент) 2 реттен жеңімпаз атанған. Сондай-ақ «Атырау», «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Алматы», «Достық» (Алматы) және «Спартак» (Семей) бір-бір реттен кубокты иеленген.
Жаңа трофей «Тобылға» 2026 жылғы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігін сыйлады.
Фото: Kffleague.kz


Ең көп оқылған
