Темірлан Анарбековпен келісімшартын ұзартты
Алматылық «Қайрат» футбол клубы негізгі құрам қақпашысыТемірлан Анарбековпен жаңа келісімшартқа қол қойды.
Клубтың ресми мәліметіне сәйкес, 22 жастағы голкипердің командамен келісімі 2028 жылдың 30 қарашасына дейін ұзартылды.
Айта кетейік, өткен маусымда Анарбеков Еуропаның басты турнирі – Чемпиондар лигасының ойыншылары рейтингінде жоғары нәтиже көрсетті. SofaScore статистикалық порталының дерегіне сүйенсек, қазақстандық қақпашының орташа бағасы 8,90 болды. Бұл көрсеткіштің арқасында ол Килиан Мбаппе (8,33), сондай-ақ ПСЖ ойыншысы Дезире Дуэ (8,50) секілді жұлдыздарды басып озды.
Турнир аясында төрт матчта алаңға шыққан Анарбеков 21 сейв жасап, ең көп соққы қайтарған қақпашылардың үздік үштігіне енді. Бұл көрсеткіштен тек «Марсель» қақпашысы Херонимо Рулли (33) мен Буде/Глимт өкілі Никита Хайкин (31) ғана асып түсті. Қалған екі ойында «Қайраттың» қақпасын Шерхан Қалмырза қорғады.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алтыншы турда «Олимпиакосқа» қарсы матчта Темірлан Анарбеков алғаш рет команда капитаны ретінде алаңға шықты. «Қайрат» 0:1 есебімен жеңілгеніне қарамастан, УЕФА қазақстандық қақпашыны матчтың үздік ойыншысы деп таныды. Ол бұл кездесуде жеті қауіпті соққыны қайтарып, бірнеше мәрте командасын голдан құтқарды.
Еске салайық, 2025 жылы Темірлан Анарбеков Қазақстан Премьер-Лигасының үздік қақпашысы атанып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі қақпашылар рейтингін де бастап тұрды.
Фото: әлеуметтік желі
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған