Темірлан Анарбеков: «Арсеналға» қарсы матчта бар күшімізді саламыз
«Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі сегізінші турда Англияның «Арсенал» (Лондон) командасына қарсы өтетін матч жайында өз ойымен бөлісті.
Кездесу 28 қаңтардан 29 қаңтарға қараған түні Қазақстан уақытымен сағат 01:00-де Лондон қаласындағы «Emirates Stadium» стадионында өтеді. Ойын «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«Ойын алдындағы әсеріміз ерекше. Бір жыл бұрын мұндай деңгейде матч өткіземіз деп ойламадық. Алдағы кездесуде бар дайындығымызды көрсетеміз. Қандай қарсылас болса да, біз өз мүмкіндігімізді дәлелдеуге тырысамыз», - деді Темірлан Анарбеков.
Айта кетейік, Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасындағы үздік 20 футболшының қатарына енді. Оның бұл рейтингке қосылуы әлемдік футболдағы басты сенсациялардың бірі ретінде бағаланып отыр. Аталған тізімде Килиан Мбаппе («Реал Мадрид»), Эрлинг Холанд («Манчестер Сити»), Гарри Кейн («Бавария») секілді танымал ойыншылар бар.
Сондай-ақ қақпашы Лондонда өткен баспасөз мәслихатында Англия чемпионатына бала кезінен қызыққанын атап өтті.
«Бала күнімнен АПЛ командаларының ойындарын көріп өстім. Мұндағы эмоция мүлдем бөлек. Алла қаласа, матч кезінде қандай сезімде болатынымызды көреміз. Чемпиондар лигасында мықты қарсыластарға қарсы бірнеше ойын өткіздік. Алаңға жай шықпаймыз, жүз пайыз дайын боламыз», - деді ол.
Темірлан Анарбеков үздік 20 ойыншы қатарына енуіне қатысты да пікір білдірді.
«Бұл мен үшін қысым емес. Күн сайын бар күшімізді салып жаттықтырып жүрміз. Осы жолда командаластарыма алғыс айтамын», - деді қақпашы.
Еске сала кетейік, «Арсенал» мен «Қайрат» арасындағы Чемпиондар лигасының соңғы тур ойыны Лондонда өтеді. Матч бүгін Қазақстан уақытымен сағат 01:00-де басталады.
Фото: ФК "Қайрат"
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған