457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Таразда жаңа футбол академиясының құрылысы басталды

Заманауи академияда еліміздің әр өңірінен іріктелген 100 талантты футболшы тәрбиеленеді

Қазақстанда тағы бір футбол академиясының құрылысы басталды. Жаңа футбол академиясы Тараз қаласында орналасады. 

22 қарашада Жамбыл облысы Тараз қаласында жаңа футбол академиясының іргетасын қалау салтанаты өтті. Жиынға ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов және өңірдегі спорт ардагерлері, қала тұрғындары қатысты. 

Жамбыл облысында бой көтеретін заманауи академияда еліміздің әр өңірінен іріктелген 100 талантты футболшы тәрбиеленеді. Барлық инфрақұрылым FIFA және UEFA стандарттарына сай болып, болашақ чемпиондардың кәсіби деңгейде өсуіне толық жағдай жасалады.

«ҚФФ ұлттық құраманың келешегін тәрбиелеуде ірі бастамаларды қолға алды. Соның бірі – бүгінгі академия құрылысы. Мұнда тәрбиеленетін әр бала ұлттық құрама жейдесін киіп, Қазақстанның атын әлем елдері алдында асқақтатарына сенімім мол. Себебі балалар мен жасөспірімдердің жүйелі дайындығы - Қазақстан футболының болашағы. Біздің Halyk қорымен бірге халықаралық стандарттарға сай салынатын академия Қазақ футболының дамуына қосылған зор үлес болмақ. Осындай игі істер жалғасын таба береді», деді ҚФФ бас хатшысы Давид Лория.

Жаңа футбол академиясы Жамбыл облысындағы балалар мен жасөспірімдер спортын жаңа деңгейге көтереді. Ол өңір жастарына да кәсіби футболға жол ашып, аймақтың спорттық әлеуетін арттыруға маңызды үлес қоспақ.

«Бұл жоба – Жамбыл өңірінің спорттық тарихындағы жаңа белес. Біз өз жастарымызға ең жақсы жағдай жасауды мақсат етіп келеміз. Футбол академиясы тек инфрақұрылым емес, бұл – балалардың арманын жақындататын үлкен мүмкіндік. Әр таланттың алаңда жарқырауына бағытталған әр жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», деді  Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Ғимаратта ойыншыларға арналған жатақхана, оқу сыныптары, медициналық бөлім, әкімшілік блок, жабық және ашық бірнеше кәсіби жаттығу алаңы орналасады. 

Айта кету керек, 2026 жылдың соңына қарай Талғар қаласында 150 тәрбиеленушіге арналған ұлттық академияның құрылысы аяқталады. Ол ФИФА-ның Таланттар академиясы мәртебесін алды. Қазақстан әлем бойынша академиясы жоғары мәртебе ие болған тоғызыншы ел атанды.

Фото: ҚФФ