Танымал футбол менеджері Дидар Сыдықбек Қазақстандағы трансфер нарығында үлкен өзгеріс жасауға ниетті. Ол Бірінші лигада өнер көрсететін клубта қазақстандық жұлдыз футболшыларды жинауды көздеп отыр.
Amanvibe.kz дерегінше, «Тараз» футбол клубы Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншыларына ресми түрде ұсыныс жолдаған. Атап айтқанда, Бірінші лигадағы командаға ауысу жөнінде Бауыржан Исламхан мен Аслан Дарабаевқа оффер жасалған.
Бауыржан Исламхан өткен маусымда ресми матчтарға қатыспаса, Аслан Дарабаев маусымды «Оқжетпес» құрамында бастап, екінші бөлігін «Тұранда» өткізді.
Айта кетейік, «Тұран» маусым қорытындысы бойынша Қазақстан Премьер-лигасынан шығып қалды.
Дереккөздердің мәліметінше, қос футболшы да клубтың жаңа директоры Дидар Сыдықбек ұсынған шарттарды жан-жақты зерделеу үшін уақыт сұраған. Соңғы шешім осы келіссөздерден кейін қабылданбақ.
Сонымен қатар менеджердің алдағы жоспарының бірі – қазақстандық жетекші футболшылардың бірі Бахтиёр Зайнутдиновты да «Тараз» сапына қайтару.
«Алдағы уақытта «Тараз» құрамында Бахтиёр Зайнутдинов пен Бауыржан Исламханды көретінімізге үміттенемін. Алайда қазіргі таңда бұл мүмкін емес сияқты», – деді Дидар Сыдықбек.
Айта кетейік, биылғы маусымда трансферлік нарықта белсенділік танытатын тағы бір клуб – павлодарлық «Ертіс». Бұл команда жаңа маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсету құқығына ие болды.
Фото: ҚФФ