Шымкентте күштік құрылымдар арасында шағын футболдан турнир өтті
6 тамызда Шымкент қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде құқық қорғау органдары, қауіпсіздік және күштік құрылымдар қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир өтті. Спорттық дода Құрылтайға алғашқы сайлауға және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын қолдауға арналды.
Турнирді Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымы мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының қалалық филиалы ұйымдастырды.
Жарысқа Шымкент қаласы бойынша ҰҚК, қала прокуратурасы, экономикалық тергеп-тексеру департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, ҰҚК Шекара қызметінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша департаменті, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінің командалары қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қаласы бойынша ҰҚК бастығының орынбасары, полковник Омархан Қошқарбай жарыстың маңыздылығына тоқталды. Ол Құрылтай сайлауы қарсаңында ұйымдастырылған спорттық дода қауіпсіздік және құқық қорғау органдары өкілдерінің өзара ынтымақтастығы мен «Заң мен тәртіп» мемлекеттік тұжырымдамасының қағидаттарына беріктігін айшықтайтынын атап өтті.
Тартысты өткен кездесулердің қорытындысында Шымкент қаласы бойынша ҰҚК командасы бірінші орынды жеңіп алды. ҚР Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің командасы екінші орынға ие болса, ҰҚК Шекара қызметінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша департаментінің командасы үздік үштікті түйіндеді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Турнирді ұйымдастыруға ҚР Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімі де елеулі қолдау көрсетті. Әскери бөлім жарыстың ойдағыдай өтуіне қажетті жағдай жасап, көрермендерге арналған шатырлар мен қатысушылар үшін далалық асүй ұйымдастырды.
«Бұл іс-шара «Динамо» қоғамының тарихи миссиясын тағы бір мәрте айқындады. Оның басты мақсаты – спорт арқылы қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін біріктіру. Осылайша, бір ғасырдан астам уақыт бойы динамошыларды ортақ мақсатқа жұмылдырып келе жатқан «Күшіміз – қозғалыс пен бірлікте» қағидасы тағы бір мәрте көрініс тапты», – деді «Динамо» ДШСҚ төрағасы Берікқазы Сексенбаев.
Фото: «Динамо» қоғамы
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған