Сот ПСЖ клубын Мбаппеге €61 млн өтемақы төлеуге міндеттеді
Париж қаласының еңбек даулары жөніндегі соты «Пари Сен-Жермен» клубын Килиан Мбаппеге €61 млн көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл сома футболшыға уақытында төленбеген жалақы мен бонустар үшін қарастырылған. Бұл туралы француздың беделді L'Equipe басылымы жазды.
Сот процесі 17 қарашадан бері жалғасып келді. Мбаппе клубтан келісімшартты ұзартудан бас тартқаннан кейін өзіне дұрыс қарым-қатынас жасалмады деп, жалпы көлемі €263 млн өтемақы талап еткен. Ал ПСЖ өз кезегінде қарсы талап қойып, футболшыны Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» клубына мүмкін болған трансферге кедергі келтірді деп айыптап, €240 млн талап еткен еді. Алайда сот ПСЖ-нің барлық талаптарын қанағаттандырмай тастады.
Даудың басты себебі - 2023/24 маусымының басында туындаған жағдай. Мбаппе жаңа келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан соң, клуб оны негізгі құрамнан шеттетіп, басқа клубтарға сатуға шығарылған ойыншылармен бірге жаттығуға мәжбүрлегенін алға тартты. Осы жағдайға байланысты Франция футболшылар кәсіподағы да ресми шағым түсірген болатын.
ПСЖ болса, Мбаппені «Аль-Хиляльдің» €300 млн көлеміндегі ұсынысынан бас тарту арқылы клубтың қаржылық мүддесіне зиян келтірді деп есептейді. Алайда сот бұл уәжді де негізсіз деп тапты. 2024 жылы Килиан Мбаппе еркін агент ретінде мадридтік «Реал» клубына ауысты.
Тараптар арасындағы дау 2023 жылдың тамызында жасалған келісімге де байланысты өрбіді. Ол келісім бойынша Мбаппе маусым соңында тегін кетсе, €55 млн-нан бас тартуға келіскен. Алайда футболшы тарапы бұл келісімнің заңдылығын даулы деп таныды. Францияның Кәсіби футбол лигасы (LFP) мен Франция футбол федерациясы (FFF) да бұл істе Мбаппенің ұстанымын қолдап, ПСЖ-нің апелляциясын қанағаттандырмаған.
Фото: Getty Images
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған