Сауд Арабиясының тақ мұрагері Инфантиноның қолын алудан бас тартты
Сауд Арабиясының тақ мұрагері әрі премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Сауд Парижде өткен Киберспорттан әлем кубогының жабылу рәсімінде FIFA президенті Джанни Инфантиномен қол алыспады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда Сауд Арабиясының ханзадасы Франция президенті Эмманюэль Макронмен қатар келе жатқаны көрінеді. Осы сәтте Джанни Инфантино олардан сәл ғана қашық жерде тұрған.
Макрон FIFA басшысына жақындап, қол алысты. Ал Мұхаммед бен Салман Инфантиноны айналып өтіп, португалиялық футболшы Криштиану Роналдуға қарай бет алған.
Айта кетейік, Сауд Арабиясы 2034 жылғы футболдан әлем чемпионатын қабылдайды. Корольдіктің өтінімі жалғыз кандидат болып, FIFA құрамындағы 211 ұлттық қауымдастықтың қолдауына ие болған.
Бұл Сауд Арабиясында өтетін алғашқы әлем чемпионаты болмақ. Сонымен қатар турнир Азияда 2002 жылғы Жапония мен Оңтүстік Кореядағы және 2022 жылғы Катардағы әлем чемпионаттарынан кейінгі үшінші мундиаль болады.
Мұхаммед бен Салманның Инфантиномен қол алыспауы FIFA басшысына қатысты ұйым ішіндегі келіспеушіліктер күшейген тұста назар аударды. Бұған дейін УЕФА, КОНКАКАФ және Азия футбол конфедерациясы (АФК) Инфантиноның әрекеттеріне тәуелсіз тексеру жүргізуге шақырған болатын.
Инфантино FIFA президенті қызметін 2016 жылдан бері атқарып келеді. Ол келесі жылдың наурыз айында ұйым басшысы қызметіне қайта сайлануға ниетті екенін бұған дейін мәлімдеген.
Фото: Getty Images
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған