Роналду жарақаттан кейінгі алғашқы ойында дубль жасады
Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду жарақаттан кейін алаңға оралысымен-ақ дубль авторы атанып, «Аль-Наср» клубына ірі жеңіс әкелді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Сауд Арабиясы чемпионатының 27-туры аясында өткен матчта «Аль-Наср» «Аль-Наджму» командасын 5:2 есебімен жеңді. Ойын Эр-Риядтағы «Аль-Авваль Парк» стадионында өтті.
Роналду ақпан айының соңында «Аль-Фейхаға» қарсы кездесуде алған сан бұлшықеті жарақатына байланысты наурыз айын толық өткізіп алған еді. Бүгін ол негізгі құрамда алаңға шығып, 56-минутта пенальтиден гол соғып, командасын алға шығарды (3:2). Ал 73-минутта тағы бір гол соғып, «Ан-Насрдың» басымдығын арттырды.
Бұл дубль 41 жастағы шабуылшының мансабындағы 966 және 967-голдары болды. Қазіргі маусымда Роналду Сауд Арабиясы Про-лигасында 23 матчта 23 гол соғып үлгерді.
Ол бомбардирлер тізімінде үшінші орында келеді. Көшбасшы Айвен Тоуниден («Аль-Ахли») үш голға, ал Хулиан Киньонестен («Аль-Кадисия») бір голға қалып тұр.
Осы жеңістен кейін «Ан-Наср» 70 ұпай жинап, турнирлік кестеде бірінші орынға көтерілді. Ал «Аль-Наджму» 8 ұпаймен соңғы, 18-орында қалып отыр.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған