Роналду Сауд Арабиясына қатаң ультиматум қойды
Португалия құрамасының көшбасшысы әрі «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду Сауд Арабиясы мемлекеттік инвестициялық қорына (PIF) қатысты қатаң талап қойды.
Футболшы клубтағы жағдайға көңілі толмай, басшылыққа нақты ультиматум ұсынған.
«Егер менің талаптарым жаз бойы орындалмаса, мен кетемін», - деп келтіреді дереккөз Роналдудың сөзін.
Айта кетейік, Криштиану Роналду «Әл-Наср» клубына 2023 жылдың 1 қаңтарында қосылған болатын. Содан бері ол команда сапында 127 матч өткізіп, 111 гол соғып, 22 нәтижелі пас берген.
Роналдудың Сауд Арабиясындағы келісімшарты 2027 жылдың 30 маусымына дейін жарамды.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романо Роналду мен «Әл-Наср» арасындағы қарым-қатынас жақсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәселе клубтың ішкі атмосферасында емес, Сауд Арабиясындағы бірнеше клубты бақылап отырған PIF қорының трансфер саясатына байланысты.
Романоның сөзінше, Роналду қордың ойыншыларды сатып алу стратегиясына және инвестицияны басқару тәсіліне көңілі толмай отыр.
Футболшы жақын арада, яғни жазғы трансферлік кезеңде өзгеріс талап етеді. Егер жағдай түзелмесе, ол Сауд Арабиясынан кетуге дайын.
Роналдуға қатысты дау әлемдік медиа кеңістікте де әсерін тигізді. Speedline мәліметі бойынша, FOX Sports Сауд Арабиясы Про-лигасымен ынтымақтастықты тоқтатқан алғашқы ірі халықаралық телеарна атанды.
Ақпарат көздері лига халықаралық жобалар аясында шамамен 2,4 миллиард доллар шығынға ұшырағанын хабарлап отыр.
Сарапшылар бұл жағдай Сауд Про-лигасының әлемдік беделіне үлкен соққы болып, халықаралық имиджіне кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартуда.
Бұған дейін Роналду Сауд чемпионатындағы трансферлік саясатқа наразылық білдіріп, «Әл-Насрдың» бірнеше матчын өткізіп алғаны белгілі.
Фото: mrogowski_photography/depositphotos.com
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған