Роналду Диогу Жотаның жерлеу рәсіміне неге бармағанын түсіндірді
Португалия құрамасының және «Әл-Наср» клубының жұлдызы Криштиану Роналду журналист Пирс Морганға берген сұхбатында жаз айларында көлік апатынан қаза тапқан командаласы Диогу Жотамен қоштасу рәсіміне не себепті қатыспағанын түсіндірді.
Футболшының айтуынша, бұл шешім оның жеке көзқарасы мен өмірлік ұстанымына байланысты болған.
«Мені жиі сынайды. Бірақ мен бұған мән бермеймін. Егер ар-ұятың таза болса, адамдар не десе де, сен тыныш боласың. Әкем қайтыс болғаннан кейін мен ешқашан зиратқа бармадым»,- деді Роналду.
Сондай-ақ ол өз қатысуының қоштасу рәсімнің мәнін бұзып жіберуі мүмкін екенін айтты:
«Менің атым аталған жердің бәрі назар ортасына айналады. Егер мен барсам, бүкіл көңіл маған аударылар еді. Ал мен ондай сәттерде назардың өзімде болғанын қаламаймын», - деп түсіндірді әйгілі шабуылшы.
Криштиану Роналду сондай-ақ мұндай жағдайларда кейбір адамдардың артық пікір білдіруін сынға алды:
«Маған ұнамайтыны – адамдар осындай нәзік сәттерде сұхбат беріп, өмір мен футбол жайлы айтып кетеді. Бұл – өмірдің кейде циркке ұқсайтынын көрсетеді. Мен ондай шоудың бөлігі болғым келмейді. Егер біреу сондай әлемнің бөлігі болғысы келсе, оған сәттілік тілеймін, ал мен өз жолыммен жүремін», –деді ол.
Сөзінің соңында Роналду өз шешіміне еш өкінбейтінін айтты:
«Адамдар мені сынай берсін. Бірақ мен өз шешіміме ризамын», – деп түйіндеді Португалия жұлдызы.
Еске салайық, Диогу Жота биыл жазда Португалияда болған жол апатынан қайтыс болған еді. Оның қазасы бүкіл футбол әлемін қайғыртқан болатын.
Фото: Getty Images Sport
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған