Роналдиньо «Монако» баскетбол клубының үлесін сатып алуы мүмкін
«Алтын доп» иегері Роналдиньо Францияның баскетболдан «Монако» клубының ортақ иесі атануы мүмкін, деп жазады malimsports.kz.
L'Equipe басылымының мәліметінше, бразилиялық футболшы Андоррада орналасқан Clayton Sport инвестициялық қорымен бірге клуб басшылығына инвестиция салу туралы ұсыныс жолдаған көрінеді.
Ұсынысқа сәйкес, инвесторлар «Монаконың» Еуролига алдындағы шамамен 2,5 млн еуро қарызын өтеуге, сондай-ақ Франциядағы кәсіби баскетболдың қаржылық реттеушісі талап еткен 5 млн еуро көлеміндегі банк кепілдігін беруге дайын. Сонымен қатар Роналдиньо мен Clayton Sport клубқа алдағы 3-5 маусым бойы жыл сайын шамамен 10 млн еуродан инвестиция салуды қарастырып отыр.
Бұл ұсыныс «Монаконы» бұрынғы NBA ойыншысы Джамал Мэшберн бастаған Helen Holdings консорциумына сату жөніндегі келіссөздер жүріп жатқан тұста жасалды. Клуб басшылығы Мэшберн бастаған топпен келіссөздер тоқтамағанын, керісінше 1 тамыздан бастап белсенді түрде жалғасқанын мәлімдеді. Алайда тараптар арасында соңғы келісімге әлі қол қойылған жоқ.
«Монако» қаржылық мәселелерге байланысты қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. 1 тамызда Франция баскетбол федерациясының апелляциялық палатасы клубты 2026/27 жылғы Франция чемпионатынан шығару туралы шешімді растады. Клубтың жалпы қарызы шамамен 24 млн еуро деп бағаланып отыр. «Монако» 18 тамызға дейін Францияның Ұлттық олимпиадалық және спорт комитетіне қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру жоспарын ұсынуы тиіс. Осыған байланысты клубты сату жөніндегі мәміле 14 тамызға дейін аяқталуы қажет.
Айта кетейік, Роналдиньо - 2002 жылғы әлем чемпионы және 2005 жылғы «Алтын доп» иегері. Ол мансабында «Барселона» сапында Испания чемпионатын екі рет және Чемпиондар лигасын жеңіп алса, «Миланмен» бірге Италия чемпионы атанды. Бразилиялық футболшы кәсіби мансабын 2015 жылы аяқтаған.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған