Ресми: Криштиану Роналду – тарихтағы алғашқы миллиардер футболшы
Португалия құрамасының және Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду әлем футболы тарихында табысы 1 миллиард доллардан асқан алғашқы футболшы атанды, деп хабарлайды Bloomberg.
Басылым мәліметінше, Роналдудың жалпы байлығы 1,4 миллиард доллардан асып, жаңа тарихи рекорд орнатты.
Бұл табыстың негізгі бөлігі «Әл-Наср» клубымен жасалған келісімшарттың арқасында. Саудиялық команда мен португалиялық жұлдыз 2027 жылға дейінгі рекордтық келісімшартқа қол қойған. Футболшының жылдық жалақысы 263 миллион еуро, бұл оны әлем тарихындағы ең жоғары жалақы алатын ойыншы етеді.
Бұдан бөлек, Роналдуның табыс көзіне Nike, Clear, Binance сияқты жаһандық серіктестіктер және өзінің жеке бренді CR7 (киім, парфюмерия, фитнес клубтар, қонақүйлер) кіреді. Сондай-ақ ол 25 миллион доллардан асатын автокөлік коллекциясына және Лиссабон, Мадрид, Манчестер мен Эр-Риядтағы жылжымайтын мүлік инвестицияларына ие.
Табысы жағынан екінші орында Лионель Месси – оның байлығы шамамен 650 миллион доллар, ал үшінші орында Неймар – 550 миллион доллар.
Айта кетейік, жуырда «Әл-Наср» клубының көшбасшысы Криштиану Роналду 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі матчтарға қатысу үшін Португалия құрамасына шақырту алған болатын.
Фото: "Әл-Наср" ФК
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған