«Реалдың» шабуылшысы әлем чемпионатына қатыспайды
"Реал Мадрид" клубының және Бразилия құрамасының шабуылшысы Родриго оң тізесінен ауыр жарақаталды. Бұл туралы Marca басылымы хабарлады, деп жазады malimsports.kz.
25 жастағы бразилиялық футболшы жарақатты Испания чемпионатының 2025/26 жылғы маусымындағы 26-турда Хетафеге қарсы матчта (0:1) алған. Ол «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен ойында 55-минутта алаңға шыққан еді. Алайда сәтсіз құлағанымен ол кездесуді соңына дейін жалғастырған.
Матчтан кейін ойыншы тізесіндегі ауырсынуға шағымданып, қосымша тексерістен өтті. Медициналық зерттеу нәтижесінде алдыңғы айқыш байламның толық үзілгені анықталды.
Бұл ойын Родриго үшін бір айға жуық үзілістен кейінгі алғашқы матч еді. Бұған дейін ол тендиноз салдарынан алаңға шыға алмаған. Басылым мәліметінше, футболшы маусымның қалған бөлігін өткізіп алады және 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмайды.
Родриго «Реал» сапында 2019 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Биылғы маусымда ол барлық турнирде 27 матч өткізіп, 3 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген. Клубпен бірге үш мәрте Испания чемпионатын және Испания Суперкубогын, бір рет ел Кубогын, сондай-ақ екі рет Чемпиондар лигасы мен УЕФА Суперкубогын жеңіп алған.
2026 жылғы әлем чемпионатында Бразилия құрамасы Марокко, Гаити және Шотландиямен бір топта ойнауы тиіс. Турнир 11 маусым мен 19 шілде аралығында Канада, АҚШ және Мексикада өтеді. Қазіргі әлем чемпионы — Аргентина ұлттық құрамасы. Олар 2022 жылғы финалда Франция ұлттық құрамасын пенальти сериясында жеңген еді.
Фото: Getty Images
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған