«Реал» қорғаушысы Рауль Асенсио кәмелетке толмаған қызға қатысты іс бойынша сотта жауап береді
Мадридтің «Реал» клубының қорғаушысы Рауль Асенсио 2023 жылы түсірілген интимдік сипаттағы бейнежазбаны заңсыз таратты деген айып бойынша сот алдында жауап береді. Бұл туралы The Athletic басылымы хабарлады, деп жазады malimsports.kz.
23 жастағы футболшыға екі бап бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, ол бейнежазбаны қатысушылардың келісімінсіз таратты және кәмелетке толмаған қыздың қатысуымен түсірілген интимдік видеоны таратты деп айыпталуда. Іс бойынша сот отырыстары 3, 4 және 7 қыркүйекте Испанияның Гран-Канария аралында өтеді.
Бұл іске Асенсиомен бірге мадридтік клубтың жастар құрамасында өнер көрсеткен бұрынғы ойыншылар Ферран Руис, Хуан Родригес және Андрес Гарсия да тартылған.
Тергеу мәліметінше, видеодағы екі қыздың бірі түсірілім кезінде 16 жаста болған. Кейінірек екі жәбірленуші де шағымдарын қайтарып алғанымен, сот олардың бұл ұстанымын ресми түрде сот отырысында қайта растауы қажет деп шешкен.
Прокуратура Рауль Асенсиоға 2 жыл 6 ай 1 күн бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, футболшының өзі бейнежазбаны түсіруге немесе интимдік қатынасқа қатыспаған. Алайда ол видеоны басқа адамға көрсету мақсатында жібергені үшін жауапқа тартылып отыр.
Айта кетейік, Рауль Асенсио өткен маусымда «Реал» сапында барлық турнирде 34 матч өткізіп, екі голдың авторы атанған.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған