Реал Мадрид Монаконы ірі есеппен жеңді
Реал Мадрид УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымындағы жалпы кезеңнің 7-туры аясында өз алаңында Францияның Монако командасын ірі есеппен жеңді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесу Мадридтегі «Сантьяго Бернабеу» стадионында өтті. Ойын барысында алаң иелері толық басымдық танытып, матчты 6:1 есебімен аяқтады.
«Реалдың» шабуылшысы Килиан Мбаппе бұрынғы клубына қарсы ойында дубль авторы атанды. Ол 5 және 26-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Сондай-ақ аргентиналық вингер Франко Мастантуоно 51-минутта, бразилиялық шабуылшы Винисиус Жуниор 63-минутта, ал ағылшын жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем 80-минутта гол соқты. Бұдан бөлек, «Монако» қорғаушысы Тило Керер 55-минутта өз қақпасына доп енгізіп алды.
Қонақтар сапынан жалғыз голды нидерландтық қорғаушы Джордан Тезе 72-минутта салды.
Осы жеңістен кейін «Реал» жалпы кезеңде бесінші мәрте жеңіске жетіп, 15 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Дәл осындай ұпайы бар «Баварияның» бір ойыны кем. Ал барлық жеті матчта да жеңіске жеткен «Арсенал» көш бастап тұр. «Монако» 9 ұпаймен алғашқы жиырмалықты түйіндеп тұр.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне барлығы 36 команда қатысуда. Алғашқы сегіздік бірден 1/8 финалға жолдама алады. 9–24 орын алған клубтар плей-офф кезеңіне шығу үшін қосымша матчтар өткізеді, қалған командалар еурокубок маусымын аяқтайды.
Фото: Getty Images
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған