Рафаэль Уразбахтин Темірлан Анарбековтың қателігіне қатысты пікір айтты
«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында «Атырауға» қарсы өткен матчтан кейін (1:1) команда ойынына баға берді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Маманның айтуынша, өз алаңында ұпай жоғалту команда үшін ауыр соққы болған.
Не айтарымды білмеймін. Түсініксіз жағдай болып жатыр. Бұл матчты екі апта күттік. "Ордабасыдан" жеңілгеннен кейін көңіл-күйіміз де нашар болды. Өз жанкүйерлеріміздің алдында мұндай нәтиже көрсету қиын. Енді осы жағдайдан сабақ алып, алға жылжуымыз керек. Өзімізді өзіміз қиын жағдайға тіредік, – деді Рафаэль Уразбахтин.
Бас бапкер матчтың шешуші сәттерінің бірі болған Темірлан Анарбековтың қателігіне де тоқталды. Екінші таймда есеп 1:0 болып тұрған кезде қақпашы доптан уақытында арыла алмай, нәтижесінде Айдар Абдулла мүмкіндікті пайдаланып, есепті теңестірген еді.
Алайда Уразбахтин бұл эпизод үшін бір ғана ойыншыны кінәлаудан бас тартты.
Голды өзіміз сыйладық. Сонымен қатар мүмкіндіктерімізді де пайдалана алмадық. Бұл сәтте бірнеше адам қате шешім қабылдады. Сондықтан бір ғана футболшыны кінәлауға болмайды. Біз – бір командамыз. Жауапкершілікті бәріміз бірге көтереміз, – деді ол.
Қазіргі таңда «Қайрат» 14 матчтан кейін 27 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орында келеді. Ал «Атырау» 15 ұпаймен тоғызыншы орынға көтерілді.
Фото: "Қайрат" ФК
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған