"Құдайдың қолы": Марадона тарихи голды соққан доп 3,35 миллион долларға сатылды
1986 жылғы әлем чемпионатында Аргентина мен Англия арасындағы ширек финалдық кездесуде Диего Марадона пайдаланған футбол добы аукционда 3,35 миллион долларға сатылды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Adidas Azteca добы Heritage Auctions аукционында сатылымға шығарылған. Аукцион ұйымдастырушылары оның құнын 10 миллион долларға бағалаған, ал бастапқы бағасы 2,5 миллион доллар болған.
Дәл осы доппен Марадона аталған матчта екі гол соқты. Оның алғашқы добы футбол тарихында «Құдайдың қолы» деген атпен қалды. Аргентиналық шабуылшы Англия қақпашысы Питер Шилтонмен допқа талас кезінде оны қолымен қақпаға бағыттаған. Кейін Марадона бұл голға қатысты «Марадона басымен және Құдайдың қолымен соққан гол» деген әйгілі сөзін айтқан.
Сол кездесуде Марадона екінші голын да соқты. Кейін Халықаралық футбол федерациясы бұл голды «ғасыр голы» деп атады. Ол алаңның ортасынан доппен жеке өтіп, бірнеше қарсыласын алдап, Шилтоннан асырып қақпаға бағыттаған.
Матч аяқталғаннан кейін допты тунистік төреші Али Бин Нассер алып кеткен. Ол допты 30 жылдан астам уақыт сақтаған. 2023 жылы төреші доптың түпнұсқалығын растайтын құжатқа қол қойған. Оның шынайылығын тәуелсіз сарапшылар да тексерген.
Бұл доп бұған дейін де бірнеше рет сатылымға шығарылған. 2022 жылы ол 2,37 миллион долларға сатылса, 2023 жылы қайтадан аукционға қойылғанымен, ұсынылған баға жеткіліксіз болғандықтан мәміле жүзеге аспады.
Ал Марадонаның сол матчта киген жейдесі 2022 жылы Sotheby's аукционында 9,28 миллион долларға сатылған. Сол кезде бұл спорттық жейде үшін төленген әлемдегі ең жоғары баға болды.
Фото: Ашық дереккөзден
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған