ҚПЛ: «Жеңіс» пен «Оқжетпес» жеңімпазды анықтай алмады
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 4-туры аясында елордалық «Жеңіс» пен көкшетаулық «Оқжетпес» өзара тең түсті.
Матч Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.
Кездесудегі есеп 30-минутта ашылды. «Жеңіс» сапында грузиялық қорғаушы Зураб Тевзадзе мергендігімен көзге түсті. Алайда қонақтар матчтың соңына қарай таразы басын теңестіріп үлгерді. Екінші таймға қосылған қосымша уақыттың 94-минутында бразилиялық қорғаушы Лео Ассунсао гол соғып, командасын жеңілістен құтқарды.
Осылайша, қос команда бір-бір ұпайдан еншіледі.
Төрт тур қорытындысы бойынша «Оқжетпес» 8 ұпаймен турнир кестесінің 4-орнына жайғасты. Ал «Жеңіс» 3 ұпаймен 12-сатыда тұр.
4-турдың өзге матчтарының нәтижелері:
4 сәуір:
«Ертіс» – «Алтай» 1:0
«Елімай» – «Тобыл» 1:0
«Қайсар» – «Қызылжар» 0:0
«Ордабасы» – «Атырау» 1:1
5 сәуір:
«Ұлытау» – «Ақтөбе» 1:1
«Каспий» – «Жетісу» 0:1
«Қайрат» – «Астана» 4:0
Қазақстан Премьер-лигасының 5-туры 11-12 сәуір күндері өтеді.
Фото: «Оқжетпес» баспасөз қызметі
Ең көп оқылған