ҚПЛ: «Ордабасы» қайтадан турнир кестесінде көш бастады
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХ туры аяқталды. Турдың орталық матчында Шымкенттің «Ордабасы» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Өткен турда «Қайраттан» жеңілген шымкенттік клуб чемпиондық додадағы мүмкіндігін сақтап қалу үшін бұл кездесуде жеңіске жетуді көздеді. Ал «Тобыл» турнир кестесіндегі жағдайын жақсартуға ұмтылды.
Кездесуде алаң иелері басымдық танытты. 18-минутта Эльхан Астанов есеп ашса, 87-минутта Сергей Малый жеңісті түйіндеген голды соқты.
Осылайша «Ордабасы» қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, 46 ұпаймен қайтадан турнир кестесінің бірінші орнына көтерілді.
Айта кетейік, ХХ тур аясында «Ертіс» «Каспийді» 3:2, «Қызылжар» «Ақтөбені» 3:1 есебімен жеңсе, «Атырау» мен «Жетісу» 1:1 есебімен тең түсті. Сондай-ақ «Астана» сырт алаңда «Ұлытауды» 2:0 есебімен ұтты, «Оқжетпес» «Алтайдан» 4:1 есебімен басым түссе, «Жеңіс» пен «Елімай» жеңімпазды анықтай алмады. Ал тур аясындағы «Қайсар» – «Қайрат» кездесуі алдын ала өткізіліп, алматылық клуб 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Енді Қазақстан Премьер-лигасының ХХІ туры 8 және 9 тамыз күндері өтеді. Келесі турда «Алтай» – «Қызылжар», «Жетісу» – «Ордабасы», «Қайрат» – «Жеңіс», «Каспий» – «Ұлытау», «Астана» – «Оқжетпес», «Тобыл» – «Қайсар» және «Елімай» – «Ертіс» кездесулері жоспарланған.
Фото: "Ордабасы" ФК
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған