Елорданың «Астана» командасы футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХV турында өз алаңында Ақтөбенің «Ақтөбе» клубынан ірі есеппен басым түсті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Аса тартысты өткен кездесуде «Астана» футболшылары қарсыластарын 5:3 есебімен жеңді. Кездесудің 10-минутында елордалықтар сапынан Чинеду Джеффри есепті ашса, арадан үш минут өткенде Жайро Жан таразы басын теңестірді. 21-минутта Усман Камара есепті 2:1-ге жеткізсе, 34-минутта Чинеду Джеффри дубль авторы атанды – 3:1. 40-минутта Даниэль Соса есеп айырмасын қысқартқанымен, бірінші таймның соңғы минуттарында Назми Грипши пенальтиді сәтті орындап, есепті 4:2-ге жеткізді.
Екінші таймда қос команда да бір-бір голдан соқты. «Астана» сапынан Чинеду Джеффри хет-трик авторы атанса, «Ақтөбе» клубынан Артур Шушеначев мергендік танытты. Қорытынды есеп – 5:3.
Осылайша, 25-турдан кейін «Астана» 56 ұпай жинап, екінші орынмен чемпиондыққа таласты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ал «Ақтөбе» 42 ұпаймен 5-орында келеді.
Чемпионаттың соңғы туры 26 қазанға жоспарланған.
Фото: vseprosport.ru