«Қайрат» клубы футболдан 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанды. Бұл жетістік – клубтың қатарынан екінші жыл үздік шыққанының дәлелі, деп хабарлайды malimsports.kz.
Биылғы маусымда чемпион атағы соңғы турға дейін анықталмай келді. Алтын жүлде үшін басты бәсеке дәстүрлі түрде «Қайрат» пен «Астана» арасында өрбіді. Соңғы тур қарсаңында алматылықтар 58 ұпаймен көш бастап тұрса, елордалықтар 56 ұпаймен екінші орында еді.
Шешуші ойында «Қайратқа» тең нәтиже де жеткілікті болатын. Ал «Астанаға» тек жеңіс қажет еді. Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ елордалықтар алға ұмтылып, 15-минутта Марин Томасовтың голының арқасында есеп ашты. Дегенмен бірінші таймда алматылықтар таразы басын теңестіре алмады.
Екінші таймда чемпиондықты қолдан бермеуге бекінген «Қайрат» шабуылын үдете түсті. Нәтижесінде 56-минутта Дастан Сәтпаев маусымдағы 14-голын соғып, есепті теңестірді. Осылайша, тең нәтиже «Қайратқа» қатарынан екінші мәрте ел чемпионы атағын сыйлады.
Маусым қорытындысы бойынша күміс жүлде «Астанаға», ал қола медаль «Тобылға» бұйырды.
Басқа ойындардың нәтижелері:
«Ақтөбе» – «Ордабасы» (Шымкент) 2:2
«Елімай» (Семей) – «Атырау» 3:2
«Жеңіс» (Астана) – «Қайсар» (Қызылорда) 2:2
«Жетісу» (Талдықорған) – «Қызылжар» (Петропавл) 0:1
«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Тұран» (Түркістан) 4:3
«Ұлытау» (Жезқазған) – «Тобыл» (Қостанай) 2:2
Айта кетейік, келесі маусымда Премьер-лигаға «Каспий» (Ақтау), «Ертіс» (Павлодар) және «Алтай» (Өскемен) клубтары жолдама алды.
Фото: "Қайрат" ФК