«Қорғанысқа жатып алмаймыз»: «Қайрат» бас бапкері «Реал Мадридке» қарсы ойын жайлы

30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында «Қайрат» пен әлемнің әйгілі клубы «Реал Мадрид» кездеседі, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ойын алдындағы брифингте «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин мен футболшылар Әділет Сәдібеков және Александр Широбоков дайындық барысы туралы ой бөлісті.
Команданың дайындығы туралы
– Алғашқы матчтарда қобалжу байқалған еді. Дегенмен соңғы уақытта біз жоғары деңгейдегі тоғыз ойын өткіздік. Жігіттер эмоциялық тұрғыдан төселіп қалды, сондықтан қосымша қысым болмайды. Керісінше, олар үшін бұл үлкен ынталандыру, – деді Рафаэль Уразбахтин.
Тактика мен ойын жоспары жайлы
– Мұндай қарсыластарға қарсы тек алға ұмтылып шабуыл жасау да, түгелдей қорғанысқа сүйену де нәтиже бермейді. Тепе-теңдікті табу маңызды. «Реалдың» әр ойыншысы жеке шеберлігімен ерекшеленеді, сондықтан бізге олардың әрекеттерін тоқтатудың түрлі жолдарын қарастыру керек. Әрине, бір-бірге қалып қорғану өте қиын. Бірақ біз тек артта жатып алмаймыз, барлық матчта шабуыл мен қорғанысты қатар алып жүруге тырысамыз, – деп атап өтті ол.
Матчтың тарихи мәні туралы
– Чемпиондар лигасының 15 дүркін чемпионы Қазақстанға келіп ойнауы – еліміз үшін үлкен тарихи оқиға. Әсіресе жанкүйерлеріміз үшін бұл керемет мүмкіндік: олар теледидардан ғана көрген әлемдік жұлдыздарды алаңда тікелей тамашалайды. Біз үшін ең бастысы – лайықты ойын көрсету. Қандай нәтиже болатынын алдын ала айту қиын, бірақ сапалы ойын көрсетуге бар күшімізді саламыз, – деді Уразбахтин.
Фото: Скриншот


Ең көп оқылған
