Мәзір
Футбол

ҚФФ кәсіби футбол турнирлерінің күнтізбесін жасанды интеллект арқылы жасамақ

Сабина Асқарқызы 96 қаралым
ҚФФ кәсіби футбол турнирлерінің күнтізбесін жасанды интеллект арқылы жасамақ

Қазақстан футбол федерациясы кәсіби футбол жарыстарының күнтізбесін әзірлеу барысында жасанды интеллект технологияларын пайдалануға көшкенін мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Бұл – футболды ұйымдастыру процесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған жаңа қадам.

Күнтізбені қалыптастыруға арналған арнайы шара 9 ақпанда өтеді. Оған футбол клубтарының өкілдері онлайн форматта қатысып, ұсыныстар мен пікірлерін білдіреді. Талқылау қорытындысы бойынша әзірленген жарыс күнтізбесі ҚФФ Атқарушы комитетінің бекітуіне ұсынылады.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу міндеттері аясында іске асырылып отыр. ЖИ жүйесі Премьер-лига, Бірінші және Екінші лигалар, сондай-ақ әйелдер арасындағы футбол турнирлерінің күнтізбесін жасауға қолданылады.

Алгоритм отандық мамандар әзірлеген шешімге негізделген және классикалық Бергер кестесін жетілдіру арқылы жасалған. Жүйе стадиондардың қолжетімділігі, ауа райы жағдайы, еурокубоктық матчтар, ФИФА күнтізбесі, логистика, инфрақұрылым жүктемесі, қауіпсіздік талаптары мен ірі іс-шараларды қоса алғанда, көптеген факторды қатар ескеруге мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект бірнеше күнтізбе нұсқасын модельдеп, ықтимал тәуекелдерді алдын ала болжауға және маусым барысында жедел өзгерістер енгізуге жағдай жасайды. Бұл матчтардың кейінге қалдырылу санын айтарлықтай азайтуға бағытталған.

 

 

Фото: ҚФФ

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар