Бүгін Талғар қаласында Қазақстан футбол федерациясы академиясына FIFA Talent Academy мәртебесін беру рәсімі өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстан футбол федерациясы FIFA таланттар академиясы мәртебесіне ие болған әлемдегі сегізінші қауымдастық, ал УЕФА-дан екінші ұйым атанды. Жоба ҚФФ мен ФИФА-ның жас футболшыларды халықаралық стандарттарға сай дайындауға бағытталған тығыз әріптестігінің нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Салтанатты шараға ФИФА-ның ғаламдық даму директоры Стивен Мартенс, ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, Қазақстандағы ФИФА таланттар жаттықтырушысы Виталий Астафев, FIFA High Performance жобасының басшысы Ульф Шотт, ФИФА аңызы, Франция құрамасы сапында әлем және Еуропа чемпионы Кристиана Карамбе, отандық футбол ардагерлері мен академия тәрбиеленушілері қатысты.
ФИФА президенті Джанни Инфантино бейнеүндеу жолдап, жас ойыншыларға арналған жобаның маңызын атап өтті:
«ФИФА таланттар академиясы жас ойыншылардың арманына жету жолындағы маңызды қадам. Бұл жергілікті жас таланттардың жолын ашып, ары қарай дамуына үлесін тигізеді. Нәтижесінде ұлдар мен қыздарға аймақтық қана емес, ғаламдық деңгейде де өздерін көрсетуге жол ашылады. Біз футбол арқылы әлеуметтік және тұлғалық дамуға, командалылық жұмыс пен көшбасшылық қасиеті секілді құндылықтарды сіңдіруге әрі жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеуге бас назар аударамыз. Осылайша, жас ойыншылар тек алаңда жетістікке жетіп қана қоймай, қоғамға пайдалы әрі жауапты азамат болып қалыптасады», – деді ФИФА президенті.
Іс-шараның ресми өкілдері сөз сөйлегеннен кейін ФИФА өкілдері ҚФФ басшылығына FIFA Talent Academy мәртебесі берілгенін айшықтайтын арнайы белгіні табыстады.
Фото: ҚФФ