Қазақстанға футбол туралы арнайы заң қажет - Тілекбек Ақпаев
Футболды жүйелі түрде дамыту үшін Қазақстанда футбол туралы жеке заң қабылдау қажет. Бұл туралы Қазақстан футбол одағының экс-бірінші вице-президенті Тілекбек Ақпаев YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Ақпаевтың сөзінше, қазіргі футбол саласы түбегейлі өзгерген, сондықтан оны реттеу де жаңа деңгейде жүргізілуі тиіс.
«Қазіргі футбол 30-50 жыл бұрынғы футболдан мүлде бөлек. Стандартталған ережелер, технологиялық жаңалықтар, жаһандық ықпал – бәрі өзгерді. Ал нәтижелерге қарасақ, айқын стагнация бар. Бұл түбегейлі өзгерістерді талап етеді», – деді ол.
Ақпаевтың пікірінше, қазақстандық клубтардың қаржылық дербестенуі заң жүзінде бекітілуі қажет. Ол клубтарды акционерлік қоғам ретінде тіркеуді, барлық қаржы айналымын цифрлық бақылауға алуды және басшылардың жеке жауапкершілігін енгізуді ұсынады.
Сонымен қатар, ол тәуелсіз ұлттық футбол регуляторын құруды орынды шешім деп санайды.
«Футбол туралы заң қабылдау – саланы құқықтық негізге көшіреді. Бұл клубтардың қаржылық тәуелсіздігін қалыптастыруға, цифрлық бақылауды енгізуге, жауапкершілікті күшейтуге және ұлттық футбол регуляторын құруға мүмкіндік береді», – деді Ақпаев.
Ақпаев Қазақстан әлемдік футбол мәдениетіне өз үлесін қоса алатынын атап өтті.
«Біз ұлттық ерекшелігімізді көрсететін ерекше «Дала футбол стилін» қалыптастыра аламыз», – деді ол.
Жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді футболды бизнес ретінде қарастыруға шақырып, клубтардың мемлекеттік бюджетке ғана тәуелді болмауы керектігін айтқан болатын.
Кейінірек Қазақстанда шетелдік спортшыларды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салатын түзетулер қабылданды.
Фото: kpl.kz
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған