Қазақстанға 1 694 жаңа футбол алаңы қажет – министр
Қазақстанда футбол инфрақұрылымын дамыту үшін қосымша 1 694 футбол алаңы қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдегі стадиондар салу және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай жаңа стадион пайдалануға берілген. Сондай-ақ Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жүргізілуде. Нысан 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталмақ.
Барлығы 14 жаңа стадион салу жоспарланып отыр, олардың 10-ы бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп қойған. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған 7 стадионды қайта жөндеу қажет. Қарағанды мен Орал қалаларында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атырау мен Ақтау қалаларында жобалық құжаттар дайындалып, сараптамадан өтті. Өскемендегі стадион жобасы да сараптамада, ал Алматы мен Жезқазғанда жобаны әзірлеу керек.
Қазіргі таңда елде 7 432 футбол алаңы бар. Оның 1 420-сы жөндеуді қажет етеді. Сонымен бірге қосымша 1 694 алаң салу қажет екені айтылды. Осы мақсатта министрлік балаларға арналған футбол алаңдарын салу жоспарын бекіткен. Қазір жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен 685 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Министр спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы жастар арасында футболдың дамуына серпін берілетінін атап өтті.
Фото: Алматы қаласының әкімдігі
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған