Қазақстанда Hawk-Eye VAR жүйесі енгізіледі
Қазақстан футбол федерациясы елімізде Hawk-Eye VAR жүйесін енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл - төрешілерге видеоқайталау арқылы көмектесетін әлемдегі ең танымал әрі сенімді жүйелердің бірі. Жоба FIFA Forward бағдарламасы аясында ФИФА қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Hawk-Eye VAR жүйесі УЕФА мен ФИФА ұйымдастыратын ең ірі турнирлерде, соның ішінде әлем чемпионаты, Еуропа чемпионаты, Чемпиондар лигасы, сондай-ақ Еуропаның көшбасшы лигалары ағылшын Премьер-лигасы мен Италияның Серия A чемпионатында кеңінен қолданылады.
Келіссөздер барысында жобаны іске асырудың қаржылық шарттары оңтайландырылып, жалпы құны бастапқы ұсыныстармен салыстырғанда 1,1 млн АҚШ долларынан астам сомаға қысқартылды.
Жоба аясында VAR технологиясы ФИФА мен УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай енгізіледі. Матчтарда стандартқа сәйкес офсайд сызықтары қолданылып, барлық қажетті техникалық құралдар орнатылады. Сонымен қатар, VAR жүйесінде жұмыс істейтін төрешілер мен мамандарды оқыту және дайындау жұмысы жүргізіледі. Бұл жоба болашақта орталықтандырылған VAR жүйесіне көшуге де негіз болады.
Бұл VAR жүйесінің енгізілуі төрешілік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам болып, Қазақстанда футбол жарыстарының әділ әрі сапалы өтуіне ықпал етеді.
Фото: ҚР футбол федерациясы
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған