«Астана» клубының жартылай қорғаушысы Иван Башич 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде Канадаға қарсы матчта Босния және Герцеговина құрамасының сапында алаңға шығып, Қазақстан Премьер-лигасы тарихындағы ерекше жетістікке қол жеткізді.
Торонтода өткен кездесуде Башич негізгі құрамда ойын бастап, 61 минут өнер көрсетті. Ол қатысқан шабуылдардың бірінде босниялықтар есеп ашты. Матчтың 21-минутында Йово Лукич қарсылас қақпасын дәл көздесе, гол соғылған шабуылдың басталуына Иван Башич орындаған бұрыштама добы себеп болды.
Алайда екінші таймда Канада құрамасы таразы басын теңестірді. 78-минутта Кайл Ларин мергендік танытып, матч 1:1 есебімен аяқталды.
Осылайша Иван Башич әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойнаған Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы футболшысы атанды. Бұл көрсеткіш қазақстандық клубтық футбол үшін тарихи оқиға саналады.
24 жастағы жартылай қорғаушы «Астана» сапына 2025 жылы қосылған. Қазіргі маусымда ол барлық турнирде 25 матч өткізіп, 3 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген.
Әлем чемпионатының алғашқы турында Канада мен Босния және Герцеговина құрамалары бір-бір ұпайдан еншіледі. Келесі турда босниялықтар Швейцариямен кездессе, Канада Қатар құрамасына қарсы алаңға шығады.
Фото: ФК «Астана»