Қазақстан U-19 құрамасы Украинадан ірі есеппен жеңіліп қалды
Румынияның Буфте қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы Еуро-2026 іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Украинаға есе жіберді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесудің алғашқы бөлігінде қазақстандықтар ойын тізгінін өз қолында ұстағанымен, 29-минутта шешуші сәт орын алды. Қақпашы Шерхан Қалмырза айып алаңынан тыс жерде ереже бұзып, тікелей қызыл қағаз алып, командасын қиын жағдайға қалдырды.
Сан басымдығын тиімді пайдаланған Украина құрамасы бірінші таймның соңында есеп ашты. Қонақтар сапынан Владислав Тютюнов мергендік танытты. Екінші таймда Александр Каменский (71-минут) мен Дмитро Богданов (85-минут) тағы екі гол соғып, матч тағдырын шешті – 0:3.
Осы нәтижеден кейін Украина құрамасы 6 ұпаймен топ бастады. Қазақстан құрамасының еншісінде 3 ұпай бар. Солтүстік Ирландия мен Румынияда әзірге ұпай жоқ.
Қазақстандық жасөспірімдер келесі ойынын 31 наурызда Солтүстік Ирландиямен өткізеді.
Айта кетейік, іріктеудің элиталық кезеңінде 28 команда жеті топқа бөлінген. Әр топтың жеңімпазы финалдық кезеңге тікелей жолдама алады. Турнирдің шешуші кезеңі 2026 жылдың 28 маусымы мен 11 шілдесі аралығында Уэльсте өтеді.
Фото: ҚФФ
Ең көп оқылған