Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтың жалақысы белгілі болды
Қазақстан ұлттық футбол құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтың алатын жалақысы туралы мәлімет жарияланды, деп хабарлайды malimsports.kz.
«Дядя Ваня» Telegram-арнасының ақпаратына сәйкес, ұлттық құраманың бас бапкері ай сайын салық шегерілгенге дейін шамамен 12 миллион теңге көлемінде жалақы алады. Қазіргі бағаммен бұл шамамен 21 мың еуроға тең.
Дереккөз мәліметінше, Қазақстанда ұлттық команда бапкерлерінің еңбекақысы ресми түрде сирек жарияланады. Алайда осы есеп бойынша Байсуфиновтың жылдық табысы салыққа дейін шамамен 144 миллион теңгеге немесе 254 мың еуроға жуықтауы мүмкін.
Бұл – Талғат Байсуфиновтың Қазақстан құрамасын төртінші рет басқаруы. Алғаш рет ол ұлттық команданы 2016 жылдың маусымынан 2017 жылдың ақпанына дейін уақытша бас бапкер ретінде жаттықтырды. Кейін 2020 жылдың желтоқсанында қайта оралып, 2022 жылдың наурызына дейін қызмет атқарды. Осы аралықта Қазақстан құрамасы 10 матч өткізіп, бір жеңіс, үш тең ойын және алты жеңіліс тіркеді.
Үшінші кезеңде, 2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың қаңтары аралығында ол қайтадан уақытша бас бапкер міндетін атқарды. Сол уақытта команда төрт матч өткізіп, бір рет жеңіп, екі мәрте тең түсіп, бір ойында жеңілді.
2026 жылдың 28 қаңтарынан бастап Байсуфинов ұлттық құраманың бас бапкері болып ресми түрде қайта тағайындалды. Қазіргі таңда оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы төрт кездесу өткізіп, екі жеңіске жетті, бір рет тең ойнап, бір рет жеңілді. Орташа есеппен әр матчқа шаққанда 1,75 ұпай жинап отыр. Бұл көрсеткіш оның ұлттық құрамадағы барлық кезеңдері арасындағы ең жоғары нәтиже саналады.
Фото: ҚФФ
Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтың жалақысы белгілі болды
Ең көп оқылған