Мәзір
Футбол

Қазақстан құрамасы Венгриядан жеңіліп қалды

Сабина Асқарқызы 62 қаралым
Қазақстан құрамасы Венгриядан жеңіліп қалды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде жеңіліс тапты, деп хабарлайды malimsports.kz. 

Дебрецен қаласындағы «Надьердеи» стадионында өткен матчта алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Кездесуде есепті алғаш болып қазақстандық футболшылар ашты. Матчтың 9-минутында қорғаушы Сергей Малый бұрыштамадан берілген пастан кейін баспен дәл соққы жасап, командасын алға шығарды. Нәтижелі пастың авторы – Максим Самородов.

Алайда үзілістен кейін Венгрия құрамасы ойын тізгінін өз қолына алды. Алдымен команда капитаны Доминик Собослаи 52-минутта таразы басын теңестірді. Кейін 67-минутта Андраш Шефер алыстан бағыттаған соққысымен венгрлерді алға шығарды.

Матч тағдырына әсер еткен сәттердің бірі – Максим Самородовтың алаңнан қуылуы болды. Қазақстан құрамасының шабуылшысы 63-минутта екінші сары қағаз алып, ойыннан шеттетілді. Осыдан кейін қазақстандықтар кездесуді бір ойыншы кем өткізді.

Қосымша уақыттың үшінші минутында Раймунд Тот гол соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 3:1.

Осылайша, Қазақстан құрамасы маусым айындағы халықаралық матчтар терезесінде жеңіске жете алмады. Бұған дейін ұлттық құрама Армениямен өткен жолдастық кездесуде 1:1 есебімен тең түскен болатын.

Фото: ҚФФ

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар