Қазақстан құрамасы FIFA Series турниріндегі тарихи матчта сенімді жеңіске жетті
Қазақстан ұлттық құрамасы FIFA Series турнирі аясындағы алғашқы тарихи матчында Намибияны 2:0 есебімен жеңді.
Кездесу «Астана Арена» стадионында өтті. Ойынға Беларусь елінен келген төрешілер бригадасы қазылық жасап, бас төреші қызметін Виктор Шимусик атқарды.
Матчтың алғашқы минуттары тартысты өрбіді. Қонақтар есеп ашуға жақын болғанымен, Бетуэль Музеу бағыттаған допты бағана кері қайтарды. Ал көп ұзамай қазақстандықтар алға шықты. Қарсылас айып алаңындағы қарбаласты ұтымды пайдаланған Ян Вороговский допты қақпаның төменгі бұрышына дәл бағыттады.
Екінші таймда да екі команда алма-кезек шабуыл ұйымдастырды. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Айбол Әбікен айып алаңы сыртынан қауіпті соққы жасап, допты көлденең тіреуге тигізді. Намибия құрамасы таразы басын теңестіруге ұмтылғанымен, матч соңына қарай Қазақстан есеп айырмасын ұлғайтты. Бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жеткен Алибек Қасым баспен дәл соғып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы FIFA Series турниріндегі тұңғыш ойынында сенімді жеңіске жетті.
Қазақстан – Намибия 2:0
Голдар: Вороговский, 12; Қасым, 79.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы турнирдегі келесі матчын 31 наурыз күні Комор аралдарына қарсы өткізеді.
Фото: ҚФФ
Ең көп оқылған