457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстан кубогінің финалы Қызылордадағы жаңа стадионда өтеді

4 қазан күні Қызылордада футболдан Қазақстан кубогінің финалдық матчы өтеді. Шешуші ойында Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобылы» кездеседі, деп хабарлайды malimsports.kz.

Бұл – отандық футбол тарихында Қызылордада өтетін тұңғыш финал болмақ. Қазақстан кубогінің басты ойыны жаңа «Қайсар Аренадағы» алғашқы ресми матч ретінде есте қалады. Ойын 19:00-де басталады.

Екі клуб та бұған дейін кубокты екі реттен жеңіп алған. Финалда олар төртінші мәрте жолығуда: 2007 және 2023 жылдары жеңісті «Тобыл» тойласа, 2011 жылы кубок «Ордабасыға» бұйырған.

Биыл «Ордабасы» жарысты 1/8 финалдан бастап, «Хан-Тәңірі», «Қайрат» және «Қызылжарды» жарыс жолынан шығарды. «Тобыл» болса, «Жетісу», «Тұран» және «Жеңіс» клубтарын қапы қалдырды.

Финалда жеңіске жеткен команда тек беделді трофейді ғана емес, сонымен қатар 2026/27 маусымындағы УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастап қатысу құқығын иеленеді. Егер «Тобыл» чемпионаттағы алғашқы үштікке кіруді алдын ала қамтамасыз етіп үлгерсе, «Ордабасы» үшін бұл – халықаралық аренаға шығудың жалғыз мүмкіндігі.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде жаңа стадиондар салынып, қолданыстағылары жаңғыртылуда. Сол жобалардың бірі – Қызылордадағы «Қайсар Арена». 2025 жылғы Қазақстан кубогінің финалы осы заманауи аренадағы алғашқы ресми матч болады. Қостанайлық клуб чемпиондық үшін таласып жатса, шымкенттіктер Премьер-лигадағы орнын күшейтуге ұмтылуда. Көрермендер жоғары деңгейлі ойын мен тартысты бәсекені тамашалайды деп сенемін. Әсіресе, қызылордалық жанкүйерлер үшін бұл кездесу ерекше, өйткені жаңа алаңда өз жерлестері Асхат Тағыберген өнер көрсетпек, – деді Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр.

 

Фото: ҚФФ