Қазақстан футбол академиясына FIFA мәртебесі беріледі

18 қыркүйекте Алматы облысы Талғар қаласында орналасқан Қазақстан футбол федерациясының футбол академиясына ресми түрде FIFA Talent Academy мәртебесін беру салтанатты шарасы өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Әлем бойынша FIFA-ның 30-дан астам таланттар академиясы жұмыс істеп тұр. Енді олардың қатарына ҚФФ академиясы да қосылады. Жоба FIFA мен Қазақстан футбол федерациясының тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл жасөспірімдерді халықаралық стандарттар мен әдістемелерге сай даярлауға бағытталған.
Салтанатты жиынға ҚФФ президенті Марат Омаров, бас хатшы Давид Лория, техникалық директор Геннадий Скуртул, сондай-ақ отандық футбол ардагерлері және Атқарушы комитет мүшелері қатысады.
FIFA атынан шақырылған қонақтар қатарында: Стивен Мартинс – FIFA-ның жаһандық даму жөніндегі директоры; Ульф Шотт – FIFA-ның High Performance бағдарламасының жетекшісі; Кристиан Карамбе – FIFA аңызы, 1998 жылғы әлем чемпионы және 2000 жылғы Еуропа чемпионы (Франция құрамасы сапында).
Іс-шара бағдарламасында ҚФФ академиясы командалары арасындағы жолдастық матч, естелік сыйлықтар мен марапаттар табыстау рәсімі, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне арналған сұхбат аймағы қаралған.
Фото: ҚФФ


Ең көп оқылған
