Қарағандының «Шахтер» футбол клубы аукцион нәтижесінде ресми түрде жекешелендірілді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл өңірде бұқаралық футболды дамытып, жаңа спорттық экожүйе қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды трансформацияның бастауы болды.
Клубты қазақстандық кәсіпкерге тиесілі ірі бизнес-топ құрамындағы компания сатып алды. Сауда ашық аукцион форматында өтіп, жекешелендіру процесі заң талаптарына толық сәйкес жүргізілді. Клубтың мүлкі алдын ала жан-жақты бағаланып, енді сауда қорытындысы бойынша сатып алу-сату келісімшарты рәсімделмек.
«Шахтер» клубы үшін жаңа даму кезеңі басталды – инфрақұрылымды жаңарту, басқару моделін күшейту және футбол экожүйесін кешенді жетілдіру. Өңір әкімі мен Freedom Holding Corp. компаниясы бірлесіп, облыста жаңа футбол жүйесін қалыптастыруда. Бұл мақсатқа 18,5 млрд теңге бағыттау жоспарланған: оның 12 млрд теңгесі футбол академиясын салуға, 6,5 млрд теңгесі балалар, жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға жұмсалады.
Фото: "Шахтер" фк