Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы алдағы маусымға арналған қаржылық саясатын бекітті. Клуб ішкі нарықта қымбат ойыншыларды сатып алудан бас тартып, футболшылардың жалақысына нақты шектеу қою туралы шешім қабылдады.
ASnews.kz мәліметінше, жаңа ережеге сәйкес, командадағы ең жоғары айлық жалақы мөлшері 5 миллион теңгеден (шамамен 10 мың АҚШ доллары) аспайды. Клуб басшылығы осы лимитті сақтай отырып, бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Белгіленген жалақы шегінен тыс қалған жалғыз футболшы – нигериялық Виктор Мозес. 35 жастағы тәжірибелі ойыншы бір жылдық келісімшартқа қол қойып, «Қайсар» сапын толықтырды. Бұған дейін ол «Челси», «Ливерпуль» және Мәскеудің «Спартак» клубтарында өнер көрсеткен.
Айта кетейік, Мозес Қызылорда клубына ауысу үшін бұрынғы командаларындағы қаржылық талаптарымен салыстырғанда айтарлықтай жеңілдікке барған. Соған қарамастан, оның жалақысы «Қайсардағы» басқа ойыншылардың ең жоғары айлығынан бірнеше есе көп.
Даму бағытының өзгеруі
Өткен маусымда «Қайсар» негізінен жергілікті түлектер мен қазақстандық футболшыларға сенім артқан болатын. Ал жаңа маусымда команданы отандық маман Андрей Ферапонтов басқарады. Оның басты міндеттерінің бірі – қатаң қаржылық шектеулер жағдайында жасақталған ұжымға тәжірибелі легионерді тиімді кіріктіру.
Фото: instagram.com/victormoses