Мәзір
Футбол

«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы матчтарының күні мен уақыты белгілі болды

Сабина Асқарқызы 51 қаралым
«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы матчтарының күні мен уақыты белгілі болды

Алматылық «Қайрат» футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы Болгарияның «Левски» клубы болды.

Алғашқы кездесу 4 тамызда Болгария астанасы Софияда өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 22:30-да басталады.

Жауапты ойын 11 тамызда Түркістан Арена стадионында ұйымдастырылады. Кездесу Қазақстан уақытымен 20:00-де басталады.

Еске сала кетейік, «Қайрат» екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» клубын жарыс жолынан шығарды. Қос матчтың қорытындысы бойынша есеп 1:1 болды. Алғашқы ойында алматылықтар 0:1 есебімен жеңілсе, қарымта кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жетті. Пенальти сериясында қазақстандық клуб 6:5 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Өз кезегінде, «Левски» Румынияның «Университатя» (Крайова) командасын екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіп шықты. Болгариялық клуб өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетсе, сырт алаңдағы ойын 2:2 есебімен аяқталды.

«Левски» – Болгарияның қазіргі чемпионы әрі елдегі ең табысты клубтардың бірі. Команда өз тарихында 27 рет Болгария чемпионы, 26 рет Болгария кубогының және 3 рет Суперкубоктың иегері атанған. Сонымен қатар, клуб еурокубоктарда мол тәжірибеге ие және 2006/07 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы болгариялық клуб ретінде тарихқа енген.

Фото: «Қайрат» клубының баспасөз қызметі

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар