Англияның «Арсенал» (Лондон) командасының бас бапкері Микель Артета UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі қазақстандық «Қайрат» (Алматы) командасына қарсы матч алдында кадрлық жағдай туралы пікір білдірді.
Бапкерден алдымен қорғаушылар Уильям Салиба мен Юрриен Тимбердің ойынға қатысу мүмкіндігі сұралды. Аталған футболшылар сейсенбі күні таңертеңгі жаттығуға қатыспаған.
«Жоқ, олар матчқа дайын емес. Қазір олармен жеке режимде жұмыс істеуге жақсы мүмкіндік бар. Демалыс күндеріне дейін оңтайлы жағдайға келтіреміз деп үміттенемін», - деді Артета.
Сонымен қатар, «Арсеналға» бұл кездесуде Микель Мерино мен Деклан Райс те көмектесе алмайды. Екі ойыншы да турнирдің алғашқы жеті матчында үш сары қағаздан алғаны үшін дисквалификацияға ұшыраған.
Осылайша, лондондықтар бірден төрт негізгі ойыншысынан айырылады. Алайда Артета команда құрамының тереңдігіне сенімді екенін айтты.
«Маусымның алғашқы жеті айында дәл осындай жағдайлар жиі болды. Бұл ішкі чемпионатқа да, Чемпиондар лигасына да, ұлттық құрамалар матчтарына да қатысты. Мұнда жаңалық жоқ. Жақсысы – кейбір ойыншылар қатарға қосылып, бізге көмектесе алады. Біз бұған үйреніп қалдық, сондықтан бұл сылтау болмайды», - деді ол.
Айта кетейік, қазіргі «Арсенал» құрамы Артетаның 2019 жылы клубқа келген уақытынан бергі ең ауқымдысы саналады. Бас бапкер сапалы ойыншылармен жұмыс істеудің өзі үшін ерекше ләззат екенін жасырмады.
«Бұл футболшылардың мінезі, кәсібилігі және бірге жеңіске жетуге деген құлшынысы үлкен рахат сыйлайды. Мәселе санда емес, сапасында. Бұл тек ойыншыларға емес, бапкерлер штабына да қатысты.
«Арсенал» – «Қайрат»: матч қашан және қайда өтеді?
Кездесу 28 қаңтардан 29 қаңтарға қараған түні Лондонда, Эмирейтс стадионында өтеді. «Арсенал» Чемпиондар лигасының жалпы турнирлік кестесінде көш бастап тұр және плей-оффтың 1/8 финалына мерзімінен бұрын жолдама алған. Ал «Қайрат» үшін бұл матч турнирлік тұрғыда шешуші маңызға ие емес – алматылықтар плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылған.
Фото: ©x.com/Arsenal