«Қайрат» жанкүйерлері Чемпиондар лигасы матчына билет бағасын арзандатуды сұрады
"Қайрат" жанкүйерлері клуб басшылығын Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Омониямен» қарымта матч алдында билет бағасын қайта қарауға шақырды, деп жазады malimsports.kz informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Жанкүйерлердің пікірінше, трибуналардың толық толуы командаға шешуші кездесуде үлкен қолдау көрсетіп, нәтижеге оң әсер етуі мүмкін.
Алматылық клубтың жанкүйерлері билет бағасын Қазақстан Премьер-лигасы матчтарымен салыстырғанда шамамен екі есе ғана жоғары деңгейде белгілеуді ұсынды. Олардың айтуынша, бұған дейін «Сутьескамен» өткен ойында билет құны лига матчтарынан үш еседен астам қымбат болған.
Жанкүйерлер толық стадионның клуб үшін қаржылық тұрғыдан да тиімді екенін атап өтті. Себебі Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шығу немесе еурокубоктардағы жоғары турнирге жолдама алу клубқа қомақты сыйақы әкеледі.
Сонымен қатар, қазіргі таңда билет сатып алу мүмкіндігі тек маусымдық абонемент иелеріне берілгені және олардың жеңілдік алатыны айтылды. Алайда, жанкүйерлердің пікірінше, толық қолдау үшін барлық орындардың сатылғаны маңызды.
Екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында «Қайрат» сырт алаңда кипрлік «Омониядан» 0:1 есебімен жеңілді. Кездесудегі жалғыз голды бірінші таймда Панайотис Андреу соқты.
Матч барысында «Омония» бір ойыншысынан айырылды. VAR көмегімен эпизодты қайта қараған бас төреші Густаву Коррея қорғаушы Родни Негоны Луиш Матеге қарсы жасаған өрескел ойыны үшін алаңнан қуған болатын.
Екінші таймда «Қайрат» сан басымдығына қарамастан есепті теңестіре алмады. Команданың ең қауіпті мүмкіндігін Азамат Тұяқбаев жасап, добы қақпа бағанасына тиді.
Қарымта кездесу 29 шілде күні Алматыда өтеді.
Өткен маусыммен салыстырғанда Чемпиондар лигасының осы кезеңіне арналған ең арзан билет бағасы бес есеге қымбаттады.
Биыл «Қайрат» билет бағасын 5 000, 10 000 және 15 000 теңге көлемінде белгіледі. Ал өткен жылғы дәл осы кезеңдегі матчтарға билеттердің құны секторға байланысты 1 000 теңгеден 15 000 теңгеге дейін болған.
Фото: «Қайрат» ФК баспасөз қызметі
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған