Алматылық «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өз алаңында ойнады. Орталық стадионда өткен матчта қазақстандық клубқа мадридтік «Реал» қарсы тұрды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Алғашқы минуттардан-ақ қонақтар алаң иелерінің қақпасына қысым көрсетті. 24-минутта «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмырза айып алаңында аргентиналық Франко Мастантуоноға қарсы ереже бұзды. Нәтижесінде төреші пенальти белгілеп, оны Килиан Мбаппе сенімді орындады — 0:1.
Екінші таймда француз шабуылшысы өзінің шеберлігін толық көрсетті. 52-минутта ол қонақтардың жылдам шабуылын сәтті аяқтап, есепті еселеді — 0:2. Ал 74-минутта Арда Гүлердің әдемі пасынан кейін Мбаппе хет-тригін рәсімдеді — 0:3.
Кездесудің соңғы минуттарында мадридтік команда тағы екі мәрте мергендік танытты. 83-минутта Родригоның пасын Эдуарду Камавинга голға айналдырса, қосымша уақытта (93-минутта) Браим Диас нүкте қойды — 0:5.
Осылайша, «Қайрат» жанкүйерлерін нәтижемен қуанта алмады. Дегенмен Алматыдағы 22 мыңға жуық жанкүйер тарихи сәтке куә болып, әлемдік футбол жұлдыздарын өз көзімен көрді.
Бұл жеңістен кейін «Реал» 6 ұпаймен топтық кезеңнің көшбасшысына айналды. Еске сала кетейік, бірінші турда Хаби Алонсоның шәкірттері өз алаңында «Марсельді» 2:1 есебімен жеңген болатын. Ал «Қайрат» сырт алаңда «Спортингке» 1:4 есебімен жол берген еді.
Алдағы турларда алматылық клуб «Пафос» (Кипр), «Интер» (Италия), «Копенгаген» (Дания), «Олимпиакос» (Грекия), «Брюгге» (Бельгия) және «Арсеналға» (Англия) қарсы өнер көрсетеді.
Фото: УЕФА