457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

«Қайрат» – «Реал Мадрид»: Рафаэль Уразбахтин тарихи матч алдында пікір білдірді

Ол бүкіл Қазақстан футболы үшін тарихи оқиға екенін атап өтті.

УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Испаниялық «Реал Мадрид» Алматыға негізгі құрамымен келді. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин бұл кездесу тек клуб үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан футболы үшін тарихи оқиға екенін атап өтті.

-Бұл матч – біздің клуб үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан, бапкерлер мен футболшыларымыз үшін тарихи оқиға. Бұл – қарапайым ойыннан да жоғары кездесу. Барлығымыз ертеңгі ойынды ерекше толқыныспен және үлкен үмітпен күтіп отырмыз. «Реал Мадрид» секілді клубтың кемшілігі аз, бірақ біз олардың ойынын талдай отырып, кейбір әлсіз тұстарын анықтадық. Оны қалай пайдаланатынымыз – бізге сын болмақ. Әзірге бұл құпия, бәрін ертең өздеріңіз көресіздер. Бірақ қарсылас өте мықты екенін жақсы түсінеміз, сондықтан оңай болмайды. Дегенмен, дайындық барысында байқағанымызды барынша іске асыруға тырысамыз, — деді Уразбахтин.

Сондай-ақ ол жанкүйерлердің қолдауына ерекше сенім артатынын айтты:

-Барлық жақсы нәтижеміз жанкүйерлерге де байланысты. Олар бізге ел чемпионатында да, Чемпиондар лигасында да көп қолдау көрсетті. Ертең де стадионнан қуат алуға сенеміз, — деді бапкер.

Егор Сорокин: «Тәртіп – шеберліктен жоғары»

«Қайраттың» қорғаушысы Егор Сорокин да алдағы матчқа қатысты ойымен бөлісті:

- Бұл ойында басты күшіміз – командалық жұмыс пен тәртіп. Өйткені тәртіп кейде шеберлікті де жеңеді. Біз өз мүмкіндіктерімізді дұрыс пайдалануға тырысамыз. Бұған қоса, стандартты жағдайлар біздің басты қаруымыз болмақ. Сол арқылы оң нәтижеге қол жеткізуге бар күшімізді саламыз, — деді ойыншы.

«Реалдың» ойыны және Хаби Алонсоға баға

Рафаэль Уразбахтин қарсыластың соңғы ойындарына да тоқталды:

— Біз «Реалдың» соңғы бес кездесуін қарадық. Оның ішінде ПСЖ-мен және «Атлетикоға» қарсы матчы бар. Әрине, жеңіліс – футболдың бір бөлігі, бірақ «Реалдың» тұрақтылығы ерекше. Біз негізінен олардың жеңісті ойындарын талдадық. Ертең не боларын көреміз, — деді ол.

Сонымен қатар бапкер «Реалдың» қазіргі бас бапкері Хаби Алонсоға пікір білдірді:

- Хаби Алонсо маған бапкер ретінде өте ұнайды. «Байердегі» жұмысын мұқият бақылап, оның ойынындағы шабуылдық стилінен көп нәрсе үйрендім. «Реалда» қазір қолында Мбаппе, Винисиус секілді жұлдыздар бар, бірақ оның идеялары толық жүзеге асып үлгерген жоқ. Дегенмен уақыт өте келе бәрі анықталады, — деді Уразбахтин.

Шерхан Қалмұрза мен команда жағдайы

Бапкер жас қақпашы Шерхан Қалмырзаның дайындығына тоқталып, оның өзін сенімді ұстап жүргенін жеткізді. Сонымен қатар, Георгий Зарияның жаттығуға қайта қосылғанын атап өтті, бірақ әлі толық дайын емес екенін ескертті.

-Біз Чемпиондар лигасында ойнағанымызбен, бұл Қазақстан чемпионатындағы жоспарларымызға кедергі келтірмейді. «Жетісумен» болатын ойынды кейінге қалдырдық, сондықтан бәріне үлгереміз, — деп қорытындылады Уразбахтин.

Фото: "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі