«Қайрат» пен «Семей» Еуропаның үздік он клубы қатарына енді
УЕФА футзалдан Чемпиондар лигасының ширек финалдары аяқталғаннан кейін еуропалық клубтардың жаңартылған рейтингінде Қазақстанның екі өкілі бірден үздік ондыққа енді.
Алматылық «Қайрат» үшінші орнын сақтап қалса, «Семей» тарихи нәтижеге қол жеткізіп, алғашқы ондыққа кірді.
Алматылық «Қайрат» Еуропа клубтары рейтингінде 402 ұпаймен үшінші орында тұр. Одан жоғарыда тек Испанияның «Пальма» мен Португалияның «Спортингі» орналасқан. Бұл ретте «Қайрат» ширек финалда Испанияның «Картахенасынан» өте алмай қалған еді. Қазақстандық клуб екі матч қорытындысы бойынша 5:9 есебімен жол берді.
«Қайратты» жарыстан шығарған «Картахена» да биылғы маусымда қарқынын дәлелдеп отыр. УЕФА мәліметінше, испаниялық клуб жартылай финалға шығып, 8 мамырда Пезарода «Спортингпен» ойнайды.
Қазақстан футзалы үшін басты жаңалықтардың бірі – «Семейдің» серпілісі. Клуб 184 ұпаймен Еуропаның үздік он командасының қатарына кірді. Бұл – жас жоба үшін тарихи жетістік.
«Семей» де Чемпиондар лигасының ширек финалында жарыс жолынан шығып қалды. Қазақстандық команда Францияның «Этуаль Лаваллуаз» клубына екі ойынның қорытындысы бойынша есе жіберді. Соған қарамастан, халықаралық аренадағы нәтижелер клубқа рейтингте жоғары көтерілуге мүмкіндік берді.
Осылайша, «Қайрат» Еуропа футзалының алдыңғы шебіндегі орнын тағы бір мәрте дәлелдесе, «Семей» құрлықтың жаңа күшіне айналып келе жатқанын көрсетті.
Фото: UEFA.com
Ең көп оқылған